Құдағи жүзік. XIX ғ.
Жүзік бауырдан және сопақша пішінді қастан тұрады. Тегістелген бауыры ортасына қарай тарылады. Жүзіктің қасы (6,7 х 6,7 х 0,9 (см)) екі жұқа төсемше және бүйіріне ені 0,9 см лентаны дәнекерлеп, ішін пастамен толтыру арқылы жасалынған. Жүзіктің беткі қабаты төрт сопақша және бір дөңгелек пішінді ақық көздермен безендірілген. Биіктігі 0,2 см, көз ұяшықтары төсемшеге дәнекерленген және қалыпталған тегіс, кедір бұдыр таспамен бастырыла көмкерілген. Көздерді айналдыра көзтана таспамен дәнекерлеген. Көздер арасындағы кеңістік «бау» пішінді өрнектермен әсемделген. Сопақша пішінді көздерді және «бау» пішінді өрнекті айналдыра көзтана тізбегі орналастырылған. «Бау» өрнегінің екі шеті көзтана тобымен безендірілген. Қастың жоғарғы және төменгі бөліктері қаражар оюмен өрнектелген. Қастың жиегі қалыпталған ұсақ көзтаналармен көмкеріле жасалған. Қастың бүйірі үшбұрышты ұсақ көзтаналар арқылы безендірілген.
Жүзіктің беткі бөлігінің жиектерінде өрнектелген белдеулері айқасқан оюлардан «Қаражары оюы» тұрады.
- Дәуірі
- XIX ғ.
- Жасалған жері
- Батыс Қазақстан
- Материалы және техникасы
- Дәнекерлеу, көзтана, керту, қалыптама, бүршіктеу
- Көлемі
- 6,7 х 2,9
- Орналасқан жері
- Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі
- Инвентарлық нөмірі
- ҚРҰМ КЗ-2315 (ПМО-4330)